логотип

Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

ҚР ПІБ МО ауруханасы дәрігерлері Венадағы МАГАТЭ конференциясына қатысты

  18.09.2024
ҚР ПІБ МО ауруханасы дәрігерлері Венадағы МАГАТЭ конференциясына қатысты

ҚР ПІБ МО ауруханасы мамандары Аустрия астанасында өткен Атом  энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас конференциясына қатысты. Энергетика министрі бастаған делегация Қазақстан тарихында бұл конференцияға алғаш рет қатысқанын айта кеткен жөн.

Іс-шара барысында ҚР ПІБ МО ауруханасы Ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ядролық медицина маманы Айгүл Сәдуақасова қазақстандық делегациямен бірлесіп Аурухананы таныстырып, ядролық медицина орталығының озық тәжірибелері мен инновациялық жаңалықтары туралы айтып берді. Сонымен қатар конференцияға қатысқандар қатарында радиоизотоптық диагностика дәрігері Мақсат Жайымбаев та бар.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік басшылығы мен оған мүше елдер Қазақстандағы ядролық медицина әлеуетін, әсіресе осы саланы дамытуда Президенттік клиниканың қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ сарапшылар Айгүл Сәдуақасоваға түрлі аурулардың тераностикасында ядролық әдістерді қолдануға байланысты медициналық мекемелер мен мамандарға кеңес беріп, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.  

Еске сала кетсек, Аурухананың ядролық медицина саласы өзінің даму жолын 2015 жылдан бастады, ал 2022 жылы ядролық медицина орталығының ең заманауи құрылғылармен жабдықталған жеке ғимараты ашылды.

Аурухананың ядролық медицина орталығы әлемдегі басқа мекемелермен және ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты қалыптастырған. Айгүл Сәдуақасова жақын және алыс шетелдердегі әріптестерімен үнемі байланыста болғанының арқасында ядролық медицинаның клиникалық және ғылыми кадрлар даярлауы бірлесіп жүргізіліп келеді.

Ядролық медицина орталығы 2023 жылы ядролық медицинаны дамыту және жаңа радиофармпрепараттарды енгізу жөніндегі ұлттық бағдарламаны іске асыру мақсатында Айгүл Сәдуақасованың жетекшілігімен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің грантын жеңіп алды.





Аурухана серіктестері