АҒЗАМЫЗҒА ПАЙДАЛЫ МАЙЛАР

Майлар – организмнің дұрыс жұмыс істеуі үшін қажетті негізгі макронутриенттердің бірі. Олар көптеген функцияларды орындайды, соның ішінде жүйке жүйесін қолдау, зат алмасуға қатысу және жылуды сақтау. Майлар күнделікті тұтынылатын калорияның 20-30% қамтуы керек. Ол – энергияның негізгі көзі (1 г = 9 ккал). Сонымен қатар, майлар:
- жасуша мембраналарының құрамына кіреді
- майда еритін дәрумендердің көзі (А, Е, Д, К)
- нерв жасушаларының құрамында жүйке импульстарының берілуін қамтамасыз етеді
- жыныстық гормондардың синтезіне қатысады
- терінің жай-күйіне жауап береді (серпімділік, тургор)
- қорғаныс функцияларын орындайды (тері астындағы талшық, ағзаның айналасында қорғаныш май қабығы)
Бірақ майлардың барлық түрі пайдалы қасиеттерге ие емес. Майлардың пайдалы немесе зиянды болуы олардың құрамына байланысты. Майларды екі негізгі санатқа бөлуге болады: қаныққан және қанықпаған Қанықпаған майлар өз кезегінде моноқанықпаған және полиқанықпаған майларға бөлінеді.
Майдың тағы бір түрі – транс майлар.
Қаныққан майлар – негізінен ет, жануар майы, сары май және сүт өнімдері сияқты жануарлардан алынатын өнімдерде кездеседі. Өсімдік өнімдерінде қаныққан майлар кокос және пальма майларында кездеседі. Жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупінің жоғарылауы және жоғары холестерин қаныққан майды артық тұтынумен байланысты.
Моноқанықпаған майлар – зәйтүн майы, авокадо, жаңғақтар мен дәндерде кездеседі. Бұл пайдалы майлар, өйткені олар «жаман» холестеринді төмендетуге және жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуға көмектесетін «жақсы» холестерин деңгейін арттыруға көмектеседі.
Полиқанықпаған майлар – омега-3 және омега-6 май қышқылдарын қамтиды. Олардың орнын басқа майлар баса алмайды, өйткені олар адам организмінде өздігінен синтезделмейді. Омега-3 май қышқылдары балықта, теңіз өнімдерінде, жаңғақтарда және өсімдік майларында (рапс, зығыр) кездеседі. Омега-6 май қышқылдары өсімдік майларында (күнбағыс, жүгері, соя) кездеседі. Полиқанықпаған майлар қабынуға қарсы қасиеттерге ие және жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупін азайтады.
Полиқанықпаған май қышқылдарына бай пайдалы майлардың бірі – жылқы майы. А, Е дәрумендеріне және маңызды аминқышқылдарына бай, құрамында холестерин аз және омега-3 май қышқылдары көп, олар «жаман» холестеринді (ТТЛП) азайтуға және «жақсы» холестеринді (ЖТЛП) арттыруға көмектеседі. Бұл атеросклероздың және басқа жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупін азайтады, жүйке және иммундық жүйені қалыпқа келтіреді, бұлшықет пен сүйек жүйесін нығайтады.
Транс майлар – маргарин, фаст-фуд және сақтау мерзімі ұзақ тағамдарда кездесетін өсімдік майларының өңделуінен жасалған өнім. Бұл зиянды майлар, өйткені олар «жаман» холестеринді арттырады, «жақсы» холестеринді азайтады және жүрек-қантамыр аурулары, инсульт және қант диабеті қаупін арттырады.
Денсаулыққа пайдалы – моноқанықпаған және полиқанықпаған майлар. Олар:
- «жаман» холестерин деңгейін төмендетуге
- жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысын жақсартуға
- созылмалы аурулардың алдын алуға ықпал етеді
Алайда, бұл қаныққан майларды толығымен рационнан шығару керек дегенді білдірмейді. Қаныққан майды шамадан тыс тұтынбау және транс-майлар қосылған тағамдарды тұтынбаған жөн.