Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

17 мамыр – дүниежүзілік гипертониямен күрес күні

  17.05.2022

2006 жылдан бастап Дүниежүзілік гипертония лигасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен жыл сайын 17 мамырда артериялық гипертония тақырыбында профилактикалық іс-шара ұйымдастырады.  

Жоғары қан қысымы – миокард инфарктісі мен ишемиялық инсульттің дамуының ең қауіпті факторы. Бұл күні өткізілетін іс-шаралар аурудың дамуы мен ауыр асқынулардың алдын алу туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған.

Артериялық гипертонияның басқа қауіпті факторлармен қатар болуы адам өмірін айтарлықтай қысқартатынын зерттеулер айқын көрсетті.

Осыған байланысты профилактикалық іс-шаралар мен халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудың өзектілігі арта түседі.

Келесі денсаулық қағидаларын сақтау жоғары қан қысымының дамуын және асқынуын болдырмауға көмектеседі:

  • дұрыс тамақтануға баса назар аудара отырып, салауатты өмір салтын сақтау;
  • тұзды тұтынуды азайту, тұз тәулігіне 5 г артық емес;
  • күніне бес порция жемістер мен көкөністерді тұтыну;
  • қаныққан майларды тұтынуды азайту;
  • күнделікті кемінде 30 минут тұрақты дене белсенділігі;
  • дене салмағын қалыпты сақтау;
  • темекі мен темекі өнімдерін тұтынуды тоқтату;
  • алкогольден бас тарту;
  • күйзелістен аулақ болу.

Қан қысымының жоғарылауына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі –  инсульт пен миокард инфарктісінің қаупін арттыратын тұзды шамадан тыс тұтыну.

Тұзды тұтынуды тәулігіне 5,0 грамға дейін немесе одан да азайтса, жыл сайын әлемде шамамен 2,5 миллион адамның өмірін сақтап қалуға болады.

  • Біздің  тұрғындардың көпшілігі орташа есеппен күніне 15-17 грамм тұз тұтынады, бұл ДДҰ сарапшылары ұсынған деңгейден 3-4 есе асады.
  • Біз тұтынатын тұздың шамамен 50%-ын өңделген тағамдардан (ет өнімдері, нан, қытырлақ картоп, крекер, кепкен нан, консервілер сияқты тіскебасарлар) аламыз.
  • Дастархан басында дайын тағамға тұз қосу – тұзды тұтынуды арттырады.

Осы қарапайым денсаулық қағидаларын сақтау артериялық гипертонияның және миокард инфарктісі, инсульт, жүрек және бүйрек кемістігі сияқты ауыр асқынулардың даму қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді.



Аурухана серіктестері