Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Жедел медициналық жәрдем бөлімшесіне 25 жыл

  28.04.2023
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Жедел медициналық жәрдем бөлімшесіне 25 жыл

Биыл ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Жедел медициналық жәрдем бөлімшесіне 25 жыл толып отыр. Жедел жәрдем қызметкерлері күніне орай бөлімше ұжымының жұмысын оқырмандарымызға таныстыру мақсатында арнайы дайындалған репортажды назарларыңызға ұсынамыз.

ҚР ПІБ МО ауруханасының Жедел медициналық жәрдем бөлімшесі 1998 жылдан бері Орталыққа бекітілген тұлғаларға қызмет етіп келеді. Бүгінде бөлімшеде 49 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде дәрігерлер, фельдшерлер, диспетчер және кіші медициналық персонал мен көлік жүргізушілері бар.

Бөлімшеде 3 бригада жедел медициналық жәрдем көрсетсе, 2 бригада арнайы қызмет сабында. Орталықта 4 категория бойынша жедел медициналық көмек көрсетіледі. Яғни 10 минут, 15 минут, 30 минут және аурухана емханасына табысталатын соңғы категория жатады.

Жедел жәрдем қызметіне қан қысымы, жүректегі ауырсыну, сіңірдің тартылуы, дене қызуы, іш ауруы, есінен тану, көлік апаты, жүктілік кезіндегі қауіп-қатер, босану сияқты өзге де түрлі шағымдар бойынша күніне 5–20 шақыртуға дейін келіп түседі. Жедел медициналық жәрдем диспетчері 2–4 минут аралығында науқастың шағымын қабылдап, категориясына қарай жедел бригадаға хабар беріп және науқастың мәліметтерін дәрігердің қолына табыстап үлгеру қажет. Дәрігерлер мекеме қабырғасымен жалғасып тұрған көлікжайдан шұғыл жолға шығады. Сондай-ақ дәрігердің кеңесімен шектелетін қоңыраулар да орын алып тұрады. Ондайда бригаданың жол жүруі қажет етілмейді.

Мейрам күндері де демалыссыз жұмыс істейтін Жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің қосалқы станциясы Астана қаласының оң жағалауында ашылған. Бұл шұғыл шақыртуларға жедел жетуге мүмкіндік береді. Жиырма бес жылдық тарихы бар бөлімшенің жоғары медициналық білімі мен білігі бар қызметкерлері әр науқастың өмірі мен саулығына аянбай қызмет ете бермек.

Зульфия Салықова, дәрігер

– Жедел жәрдемде дәрігер жан-жақты білімді, білікті болуы маңызды. Себебі науқастың жағдайына қарап бастапқы диагнозды дұрыс қою керек. Әйтпесе жасалған емнің зияны тиюі мүмкін. Мен «емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алдым, Израильде білімімді жетілдірдім. Қостанайдан 2014 жылы елордаға қоныс аударып, осы бөлімшеде жұмыстың қызығына батып, ұйымшыл ұжыммен жарасым тауып әлі күнге дейін қызмет етіп келемін.







Евгений Соколов, көлік жүргізушісі

– Мен 2004 жылдан бері осы бөлімшеде жұмыс істеймін. Адам өмірін құтқару үшін қаладағы кептелген көліктің арасынан ешкімге қауіп-қатер тудырмастан жол тауып шығу – менің басты миссиям. Жиырма жылға жуық тәжірибемде уақытынан кешігіп қалған кез болмапты. Ауа райының қолайсыздығы мен жолда кездесетін кедергілерге қарамастан жұмысымды сапалы әрі дер кезінде орындауға барымды саламын.







Ильмира Мукушова, диспетчер

– Ең алғашқы жәрдем диспетчердің қабылдауынан басталады. Хабарласқан науқастың жеке мәліметтерін алып, сипатына қарай сырқатының халін анықтап, уақыт жылдамдығын белгілеп, дәрігерлер бригадасына науқасты табыстау ең бірінші шапшаңдықты қажет етеді. Бұйрық бойынша осының бәрі 2–4 минуттан аспауы қажет. Мен Жедел медициналық жәрдем бөлімшесінде 20 жылдан аса қызмет етсем, соңғы он жылында телефонның құлағындамын. Оған дейін бригадада фельдшер болып жұмыс істедім.





Айдын Женсебаев, фельдшер

– Біздің жұмыстың қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді. Осы бөлімшеде жұмыс істеген 2013 жылдан бері көптеген оқиғаның куәгері болдық. Мысалы, толғағы қысқан келіншекті ауруханаға жеткізбей, жолдың жиегіне тоқтап, көлікте босандырғанымыз есімде. Үйінде босанып қойған ана сәбиінің кіндігін кескен жағдай да орын алған. Он жылдан бері түрлі науқасқа алғашқы медициналық жәрдем беріп, олардың алғысын алған шақта мамандығыма деген сүйіспеншілік арта түседі.


Аурухана серіктестері