ҚР Президентінің Іс басқармасында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге арналған алқалы жиын өтті
Қазақстан халқының Тілдері күніне орай ҚР Президентінің Іс басқармасында айтулы іс-шара өтті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс бекітілген мерекеде Іс басқармасы мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге арналған семинар-кеңес өткізді.
Алқалы жиынға Іс басқармасының қызметкерлері, ведомстволар мен ведомстволық қарасты ұйым басшыларының мемлекеттік тілді дамытуға жауапты орынбасарлары, бөлім басшылары, цифрландыру және IT мамандары қатысты. Семинардың ашылу рәсімінде сөз алған Іс басқармасының ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі Ербол Дәненұлы Адаев Іс басқармасында мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір парасына қысқаша тоқталды.
– «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген даналық сөз бар. Ана тіліміз – асыл қазынамыз. Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында тиісті іс-шаралар жоспары жасалған, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту бойынша Іс басқармасының жүйесінде бірқатар жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, тілдерді дамыту саласында басшылықты жүзеге асыратын Тіл комитетімен де өзара тығыз байланыста жұмыс істейміз, - деген ол Іс басқармасына қарасты кәсіпорындардағы нақты жұмыстарды қысқаша баяндады.
Семинар-кеңеске А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан арнайы шақырылған болатын. Ғалым «Қазақ тілінің өткені, бүгіні мен болашағы» деген тақырыпта мазмұнды баяндама жасады.
– Бұл еліміз үшін өте маңызды мереке. Бұрын Тілдер күнін 22 қыркүйекте атап өтетінбіз. 2017 жылдан бері 5-ші қыркүйекке ауыстырылған. Себебі бұл күні қазақ ғылымының, қазақ баспасөзінің, қазақ радиосының негізін қалаушы, тұңғыш қазақ профессоры, ұлы тұлға – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген. Осы атаулы датаға ерекше мән беріп, алқалы жиын ұйымдастырғандарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіремін, - деді Анар Фазылжан.
Ғалым ауқымды тақырып аясында қазақ тілінің табиғаты, тарихы, тілтанушы танымы, тіл мен дәстүрдің байланысы сынды мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталды. Мемлекеттік тілге қызықты мысалдар келтірді, ана тілімізді туыстас халықтардың тілімен, шет тілдерімен сабақтастыра-салыстыра отырып, өзекті дүниелерді ортаға салды. Ғалымның баяндамасын қатысушылар ынта-ықыласпен тыңдады.
Баяндама соңы өзара пікір алмасуға ұласты. ҚР ПІБ Президенттік орталығы директорының орынбасары Серік Сламжанұлы Сыдықов, Материалдық-техникалдық қамтамасыз ету басқармасы Инженерлік орталығының ілеспе аударма қызметінің басшысы Нағима Ырысбекова ойларын ортаға салды. Мемлекеттік тілдің қанат жая түсуіне ықпал ететін жиынға қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жан-жақты жауап алды.