Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

Шаң-тозаңнан туындайтын аллергияның алдын алуға болады

  28.05.2024
Шаң-тозаңнан туындайтын аллергияның алдын алуға болады

Шаңнан болатын аллергия – кей өсімдіктердің тозаңына адамның иммундық жүйесінің әсері жоғары болғаннан туындайтын кең тараған ауру. Оның салдарынан тыныс алу жолдары мен көру органдары қабынып, теріге зақым келеді.

Әдетте, тыныс алу жолдары қабынған кезде шаңнан болатын аллергия аллергиялық ринит, мұрын-жұтқыншақ қабынуы, фарингит, бронхит, тіпті тыныс демікпесі түрінде жүруі мүмкін.

Теріде аллергиялық дерматит, есекжем, ангионевротикалық ісік пайда болады.

Поллиноз адамның аллергиясы бар өсімдіктің гүлдеу кезінде өршиді. Асқыну жыл сайын бір уақытта болады. Шаң аллергендерінің гүлдеуі өсімдіктердің түріне қарай басталып, аяқталады.

Жыл мезгілдері бойынша поллиноз асқынатын үш кезең бар:

Көктемгі (сәуір-мамыр): оған  қызылтал, қарағаш, шаған, үйеңкі, қандыағаш, жаңғақ, емен, орманжаңғақ, қайың, басқа бұталар мен ағаштардың тозаңы себеп болады;

Көктем-жазғы (мамыр-тамыз): оны қоңырбас, жүгері, тарғақшөп, үйбидайық, бидайық, атқонақ, айрауық, арпабас, бетеге, қара бидай және басқа да дәнді шөптердің тозаңдары, сондай-ақ жөке, шырша, қарағай, қарақұмық, жолжелкен, бақбақ өршітеді;

Жаз-күзгі (тамыз-қазан); жусан, қалақай, ойраншөп, көкпек және басқа да арамшөптердің тозаңынан туындайды. Біздің алқапта ағаш тозаңына поллиноз жиі кездеседі және ауыр өтеді.

Ауадағы аллергендердің концентрациясына ауа-райы да қатты әсер етеді. Әдетте күн райы ашық болса - гүлдеу күшейеді, бұлтты кезде - азаяды.

Зертханалық диагностика

Аллергиялық реакция тудыратын аллергендерді анықтау үшін қанға зертханалық талдау жүргізіліп, құрамында Е-реагиндер класындағы ерекше иммуноглобулиндер бар-жоғы, сондай-ақ эозинофилдердің нормадан қаншалықты асқаны зерттеледі.

Поллинозды емдеу

Тозаңға аллергия пайда болған кезде пациентке антигистаминдер, тамыр тарылтатын препараттар, көз тамшылары тағайындалады. Егер науқастың жалпы жағдайы нашар болса, тыныс алуды жақсарту, шырышты бөліністі азайту, мұрын қуысы мен көздің ісінуін жеңілдету үшін оған қарқынды терапия, бұлшықет ішіне және көктамыр ішіне инъекциялар тағайындалуы мүмкін.

АСИТ

Поллиноз белгілері мүлдем көрінбейтін немесе өте әлсіз ремиссия кезеңінде емдеу ретінде аллергенспецификалық иммунтерапия (АСИТ) қолданылады, оны арнайы гипосенсибилизация деп те атайды. Әр адамға жеке тағайындалатын курстан кейін пациент гүлдеу кезеңін жеңіл өткізеді.


Аурухана серіктестері