Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

Доктор Тұңғышбаеваның күлімдеген күлкісі

  16.03.2021
Бүгін біз «Check-up» бөлімшесінің меңгерушісі, Президенттік клиниканың гастроэнтеролог дәрігері Жазира Тұңғышбаева туралы әңгімелейтін боламыз.

Сұхбатымыздың басында Жазира бізге өзінің өмірлік ұстанымы және медицинаға деген махаббаты жайлы баяндады:

«Медицинаны бала кезімде-ақ таңдағанмын: бұған әкемнің ықпалы көп болған сияқты.

Әкемнің айтқан сөздері әлі есімде: «Мен сенің дәрігер болғаныңды қатты армандаймын!», «Дәрігер - өте асыл мамандық!» немесе «Адамдарға көмектесу - игі іс!»

Содан болар, менің алдымда таңдау жасау деген мәселе тұрған жоқ: бала кезімнен дәрігер болуға дайындалдым. Химия-биология бағытындағы мектепте оқыдым: онда бәрі менің медицинаға баратынымды білетін. Мұғалімдер таңдауыма құрметпен қарап, соған сәйкес менен де талап етті.
Ал медициналық университетте оқып жүргенімде, дәрігер боламын деген таңдауым нығая түсті.
Арада көп жыл өткеннен кейін өзінің таңдауына өкінген сәттері болды ма екен, Жазирадан соны білгіміз келді:

«Жасаған таңдауыма еш өкінбеймін. Маған емдеудің және өз еңбегімнің нәтижесін көру, емделушілер сауығып кетіп, алғыс айтқаны ұнайды. Жалпы, осыдан үлкен ынта, жігер аласың.

Қазір де солай, тіпті бөлімді басқарып отырсам да, мен әлі де науқастарды қабылдауды жалғастырудамын. Маған диагностика жасау, диагноз қою процесі, жүргізген емнің әсерін көру ұнайды».

Сонымен қатар, Жазираның бос уақытында немен айналысатынын білгіміз келді:

«Мен бала кезімде спортпен айналысқанмын, сондықтан қазір де белсенді өмір салтын ұстанамын. Айтарлықтай бір ерекше қызығушылығым жоқ, бірақ бос уақытымды белсенді өткізгенді ұнатамын, өз ағзамды тыңдауға тырысамын: жаяу көп жүремін, аздап жүгіремін, йога жасағанды ұнатамын, бассейнге барамын, қазір билеп жүрмін».

Осындай демалыстардың бірінде Жазираның басынан қызық оқиға өтіпті:

«Мен Оңтүстікте дүниеге келдім, өздеріңіз білесіздер, онда шаңғы спорты танымал спорт емес. Бір жолы Шығыс Қазақстанда тұратын туысқандарымыз бізді жаңа жылды бірге қарсы алуға қонаққа шақырды, маған шаңғымен сырғанауды үйретпекші болды. Біз ауа-райына қарамай, билет сатып алыптық.

Біз барған апта бойы 38-40 градус аяз болып тұрды.

Не істейміз? Уақыт болса зымырап өтіп жатты. Содан жездем: «Ақыры келген екенсіздер, онда тауға бәрібір барып қайтайық!» - деді. Сонымен тауға бардық. Әрине, керемет сұлулық, айналаң тау, ну орман, қардың ортасындағы ауыл, дәл бір ертегіге түскендей сезімде боласың.

Минус 38-градуста алғашқы шаңғы тебуім осы болды. Алғашқы сырғанағаннан кейін-ақ, ақшақарға айналдым! Бірақ, алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, соған тұрарлық болды енді.

Жалпы, Қазақстанның табиғаты керемет әдемі ғой. Өткен жылы демалыс кезінде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының көрікті жерлерін тамашалауға мүмкіндігім болды.
Алматыда оқысам да, Алматы облысында осындай әдемі жерлер бар деп ойламаптым. Біз Ассы үстірті, Түрген сарқырамасы, ҮАК, Көлсай көлдері және Қара шатқал, Қайыңды көлі, Шарын шатқалында болдық.

Шығыс Қазақстанның ормандарында жидек, саңырауқұлақ теріп, көлден балық ауладым. Таудың баурайынан түсіп бара жатқанда, көз алдыңнан керемет көрініс ашылады: таудың бөктеріндегі жайылым, жайылып жүрген жылқылар мен қойлар, киіз үйлер. Құдды бір фильмнің түсірілімінде жүргендей боласың!
Ол жақтан өне бойың күш-жігерге толып қайтады екенсің!»

Наурыз мерекесі қарсаңында Жазирадан оқырмандарымызды құттықтап өтуін өтіндік:

«Баршаңызға өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер, уақытында медициналық тексеруден өтіп тұрыңыздар дегім келеді. Өйткені, адамның ең қымбат нәрсесі - бұл денсаулық. Сондай-ақ, көктемнің шуағы жанымызға тезірек жылу сыйлап, қаһарлы қысты келер жылға дейін шығарып салайық».

улыбка врача-18.png


Аурухана серіктестері