Иконка Call Center

Иконка для слабовидящих

Тіркелу

ҚР ПІБ МО Ауруханасында «Өкпенің интерстициальді аурулары» бойынша I Қазақстандық халықаралық форум өтті

  17.11.2025
ҚР ПІБ МО Ауруханасында «Өкпенің интерстициальді аурулары» бойынша I Қазақстандық халықаралық форум өтті

ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ауруханасында 7 қараша күні «Өкпенің интерстициальді аурулары» тақырыбындағы I Қазақстандық халықаралық форум өтті. Іс-шара Қазақстан мен Ресейдің респираторлық медицина саласындағы жетекші мамандарын біріктіріп, өкпенің интерстициальді ауруларын диагностикалау, емдеу және мультидисциплинарлық өзара іс-қимылдың заманауи тәсілдерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Форум ҚР ПІБ МО Ауруханасы директорының міндетін атқарушы Раушан Қарабаева және стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі директордың орынбасары Насрулла Шаназаровтың құттықтау сөзімен басталды. Олар бұл ауқымды шараның респираторлық медицинаны дамытуда, сондай-ақ қазақстандық және ресейлік мамандар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.

Форумның ғылыми бағдарламасы аясында жетекші сарапшылар баяндама жасады. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясының академигі, РФ Денсаулық сақтау министрлігінің бас пульмонологі Сергей Авдеев «Үдемелі өкпе фиброзы: клиникалық тәжірибедегі жаңалықтар» тақырыбындағы баяндамасында ауруды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдеріне кеңінен тоқталды.

ҚР ПІБ МО Ауруханасының бас терапевті, Республикалық респираторлық медицина орталығының жетекшісі, ӨИА бойынша мультидисциплинарлық сараптамалық комиссия төрағасы, доцент Роза Бакенова «Қазақстандағы өкпенің интерстициальді аурулары: механикалық түсініктен тиімді диагностика мен терапияға дейін» атты баяндамасында ұлттық тәжірибенің нәтижелері мен респираторлық медицинаны дамытудың негізгі бағыттарын ұсынды.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас пульмонологі, «Астана медициналық университеті» КЕАҚ Респираторлық медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры Наталья Латыпова ӨИА бар пациенттерге көмек көрсетудің ұйымдастырушылық аспектілерін талдады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ревматологы, «Қазақ ревматология коллегиясы» ҚБ президенті, профессор Ғалымжан Тогизбаев «Жүйелі аутоиммунды ревматологиялық аурулар кезіндегі өкпенің интерстициальді аурулары: ревматолог көзқарасы» тақырыбында баяндама жасады.

И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің пульмонология кафедрасының, Өкпе аурулары ғылыми-зерттеу институтының профессоры Галина Неклюдова «Өкпенің интерстициальді аурулары кезіндегі өкпенің функциясын тексеру» тақырыбында сөз сөйлеп, зерттеуді жүргізу мен нәтижелерін талдаудың заманауи әдістерімен бөлісті.

Медицина ғылымдарының кандидаты, И.М. Сеченов университетінің пульмонология кафедрасының доценті Галия Нуралиева «Өкпенің интерстициальді аурулары бар науқастардағы тыныс жеткіліксіздігі кезінде респираторлық қолдау» атты баяндамасында пациенттерді жүргізудің заманауи тәсілдерін ұсынды. Ал ҚР ПІБ МО Ауруханасының сәулелік диагностика дәрігері Александр Дунь өкпенің интерстициальді ауруларын КТ-визуализациялаудың ерекшеліктері туралы айтты.

Басқа баяндамашылар қатарында:

  • жоғары санатты кардиолог, University Medical Center кардиология КАД директоры Мұрат Мұқаров – ӨИА бар пациенттерге өкпе трансплантациясын жасау туралы;
  • жоғары санатты пульмонолог, медицина магистрі Мадина Есенгельдинова – үдемелі өкпе фиброзымен жүретін гиперсезімтал пневмонит жайында;
  • жоғары санатты пульмонолог, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының тәуелсіз сарапшысы Диана Нигматова – өкпе мен қоршаған тіннің фиброэластозының сирек клиникалық жағдайы туралы;
  • пульмонолог-консультант, «Пульмонологтар қоғамы» ҚБ төрағасы, Өңірлік диагностикалық орталықтың маманы Саттар Ералиев – идиопатиялық өкпе фиброзы мен ілеспе аурулардың өзара байланысы туралы;
  • доцент, «Астана медициналық университеті» КЕАҚ Респираторлық медицина ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Константин Гаркалов – жүйелі дәнекер тін ауруларындағы ӨИА диагностикалауға мультидисциплинарлық көзқарас туралы баяндама жасады.

Форум сұрақ-жауап сессиясымен жалғасты. Қатысушылар клиникалық жағдайларды талқылап, тәжірибе және пациенттерге көмек сапасын арттыруға бағытталған идеялармен алмасты. Белсенді пікірталас қозғалған тақырыптардың өзектілігі мен кәсіби қызығушылықтың жоғары деңгейін көрсетті.

Қатысушылар форумның жоғары ұйымдастырылу деңгейін, мазмұнды баяндамаларды және респираторлық медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті.

Форум өкпенің интерстициальді аурулары бар науқастарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға бағытталған Қазақстан мен Ресейдің медициналық қауымдастықтары арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды дамытудың маңызды қадамына айналды.













Аурухана серіктестері