ҚР ПІБ МО ауруханасы резиденттері диплом алды

ҚР ПІБ МО ауруханасында резиденттерге диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл ординатура бағдарламасын аяқтаған 35 жас маман әртүрлі медициналық бағыт бойынша диплом иегері атанды.
Резиденттер бойынша жалпы мәлімет:
- Радиология – 24 адам
- Медициналық генетика – 2 адам
- Онкология (ересектер) – 1 адам
- Урология және андрология (ересектер, балалар) – 2 адам
- Отоларингология (ересектер, балалар) – 5 адам
- Кардиология (ересектер, балалар) – 1 адам
Іс-шара барысында сөз алған ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары Шаназаров Насрулла түлектерді кәсіби жолындағы маңызды жетістігімен құттықтай келе, медицина саласының маңызына тоқталды. Ол дәрігердің тек маман емес, күн сайын адам өміріне араша болатын тұлға екенін айтты.
«Естеріңізде болсын, ақ халат – тазалық пен жоғары мораль қағидасының символы. Ақ халатты ластамаңыздар – ол кәсіби ғана емес, ар-ұждан тұрғысынан да таза болсын. Бұл сіздердің кәсібилік пен мамандыққа деген құрметіңіздің белгісі. Сәттілік, ақ жол тілеймін!» - деді Шаназаров Насрулла.
Ыстық лебізін білдіруге шыққан түлектер де ординатурадағы оқу туралы жылы естеліктерін бөлісіп, ҚР ПІБ МО ауруханасының ұжымына, тәлімгерлеріне және барлық әріптесіне алғыс айтты. Олар осы қабырғада алған білімі мен қолдау қаншалықты маңызды болғанын ерекше атап өтті.
«Біз осындай беделді медициналық мекемеде білім алғанымызға мақтанамыз. Барлық ұстаз бен тәлімгерге шыдамы, қолдауы мен бізге берген терең білімі үшін алғыс айтамыз», - деді түлектердің бірі.
Енді диплом алған жас мамандар кәсіби жолын бастауға дайын және отандық денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосуға ниетті.
ҚР ПІБ МО ауруханасы түлектерін мақтан тұтады және олардың әрқайсысы медицинаны дамыту мен халық саулығы жолында адал қызмет ететініне сенеді.