ҚР ПІБ МО ауруханасы TazaLike жобасы аясында екінші сенбілік өткізді

ҚР Президентінің бастамасымен қолға алынған TazaLike жобасы аясында ҚР ПІБ МО ауруханасы өз аумағын абаттандыру және тазарту бойынша экологиялық сенбілікке қатысуды жалғастырып жатыр.
Өткен сенбіде болған іс-шараға Аурухананың барлық бөлімінің қызметкері атсалысты. Олар әр бұрышты мұқият жинап, қыздар қауымы сыпырып шықса, ерлер қолына күрек ұстады. Осы тұста осындай тазалық жұмыстарының маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Біріншіден, мұндай іс-шаралар ұжымның бірлігін нығайтып, командалық рухты оятса, екіншіден, Аурухана аумағын таза ұстау пациенттер мен олардың жақындарына жайлы орта қалыптастыруға септігін тигізеді. Қоршаған ортаның тазалығы – денсаулық кепілі, әрі ол Ауруханаға келген адамдардың көңіл-күйіне де әсер етеді.
Мемлекет басшысы «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында «Таза Қазақстан» жәй ғана қоғамдық акция емес, тұтас ұлттың жүйелі идеологиялық ұстанымы болуы керек екенін атап өткен еді. Осыған орай білім мен тәжірибе алмасу, осы арқылы бірлесіп экологиялық мәселелерді шешу үшін Наурыз мейрамы қарсаңында TazaLike жобасы басталды. Ол 25 сәуірге дейін жалғасып, өңірлер арасында эстафета форматында өтеді. Жоба Астанада үлкен Экофестивальмен қорытындыланады.