логотип

Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

Қазақстанда алғаш рет онкологияға шалдыққан науқастардың сүйегіндегі метастазды емдейтін бірегей радионуклидтік терапия енгізіледі

  27.11.2024
Қазақстанда алғаш рет онкологияға шалдыққан науқастардың сүйегіндегі метастазды емдейтін бірегей радионуклидтік терапия енгізіледі

ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында қатерлі өспедегі сүйек метастазын емдеудің бірегей әдісі қолданыла бастайды. Мұндай инновациялық терапия пациенттерге асқынып кеткен қатерлі ісікпен күресудің жаңа тәсілдерін ұсына отырып, онкологиялық көмек сапасын арттырудағы маңызды қадам болмақ.

Әдіс «Самарий, 153sm-Оксабифор» радиофармацевтикалық препаратын қолдана отырып жасалады. Бұл препарат метастаз немесе сынған жер секілді сүйектің зақымданған аймақтарына жиналады да сау тіндерге әсер етпестен оларды β-бөлшектермен сәулелендіреді. Әдіс белгілі бір бөлікке бағытталғандықтан ауырсынуды жеңілдетіп, дәрілерге деген қажеттілікті азайтады, сондай-ақ сүйек тініндегі сырқаттың асқынуын баяулатуға көмектеседі.

«Әдістің ерекшелігі – дәстүрлі емдеу тәсілдерінде болатын жанама әсер мен қауіп азайып, пациенттердің өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарады. Бұл, әсіресе, созылмалы сырқат пен метастазы асқынғаннан зардап шегетін науқастар үшін өте маңызды», - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы, Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова.

Медициналық орталық ауруханасында 27-29 қараша аралығында жаңа технологияны енгізуге арналған шеберлік сағаты өтеді. Іс-шараға Қазақстан мен Ресейдің ядролық медицина саласындағы жетекші мамандары қатысады. Шақырылған сарапшылардың қатарында А. М. Никифоров атындағы Бүкілресейлік жедел және радиациялық медицина орталығының Изотоптық диагностика және емдеу әдістері зертханасының меңгерушісі (Санкт-Петербург қ.) Вячеслав Сухов және А. Ф. Цыба атындағы Медициналық радиологиялық ғылыми орталығының Ашық радионуклидтермен радиохирургиялық емдеу бөлімінің меңгерушісі (Обнинск қ.) Валерий Крылов, сондай-ақ радионуклидтік терапия саласындағы танымал көшбасшылар бар. Аурухана дәрігерлері ядролық медицинаны дамытудағы жетістігін таныстырады және практикалық тәжірибесін бөліседі.

Шеберлік сағатына қатысу тегін және барлық қатысушы сертификат алады. Қазақстанда радионуклидтік терапияны енгізу пациенттерге қатерлі ісікті емдеудің заманауи технологияларына қол жеткізуге мүмкіндік береді, терапия нәтижесін жақсартады және елдің инновациялық медицина саласындағы ұстанымын нығайтады.


Аурухана серіктестері