Қазақстан Республикасындағы бариатриялық және метаболизмдік хирургия реинжинирингі
ҚР ПІБ Медициналық орталығының ғалымдар тобы Қазақстанда «Бариатриялық және метаболизмдік хирургия» (БМХ) инновациялық хирургиялық бағытын әзірлеп, енгізді. БМХ – бұл асқазан мен ішекке жасалатын, патология кезінде адамның гормондық жағдайын жақсартуға, өз инсулиніне сезімсіздікті (инсулинге төзімділік) жоюға бағытталған реконструктивті хирургия.
Метаболизмдік синдроммен байланысты аурулар әлемнің көптеген елдерінде ерте сырқаттану мен өлім-жітімді болжайды. Қазақстанда әр бесінші азамат метаболизмдік семіздікке шалдыққан, ол күннен күнге кең таралуда, тиісінше бариатриялық және метаболизмдік хирургияны дамыту қажеттілігі де артып келеді, ал көпсалалық тәсіл қолдану адамдардың денсаулығына аса маңызды мәселені жүйелі түрде шешуге ықпалын тигізеді.
Бұл инновациялық хирургиялық бағыт хирургияның озық жетістігі екені сөзсіз, сонымен қатар Республиканың өңірлерінде ғана емес, одан тыс жерлерде де практикалық денсаулық сақтауға үлкен үлес қосады. Ғалымдар жұмысының нәтижелері инновациялық сипатқа ие. Олар қазірдің өзінде елдің медициналық мекемелерінен ғана емес, сонымен қатар денсаулық мәселелерін шешуде нақты көмек алған пациенттерден де кері байланыс алып отыр.
Авторлардың мақсатты жұмысының арқасында жоғары медициналық білімі бар қызметкерлердің мамандықтары мен кәсіптерінің тізбесіне жаңа мамандық – «Бариатриялық және метаболизмдік хирургия» қосылды, жаңа кәсіп дәрігерлерін оқыту үшін сертификаттау курсы енгізілді, көмектің осы түрін көрсетудің кезеңдері мен қағидалары тұжырымдамалып реттелді, морбидті семіздік пен метаболизмдік синдромды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы ғылыми негізделіп әзірленді.
«Қазақстан Республикасында бариатриялық және метаболизмдік хирургияның тұжырымдамалық реинжинирингін әзірлеу және енгізу – көпсалалық тәсіл» тақырыбындағы ғылыми-практикалық жұмыс ҚР ғылым және техника саласындағы Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығының номинациясына ұсынылды. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жұмыстың негізгі идеясы – холестерин алмасуының бұзылуы және қант диабетінің салдарынан микро және макро қантамырлық зақымданулар кезінде қаупі жоғары пациенттерде атеросклероздық өзгерістердің хирургиялық жолмен алдын алу.