логотип

Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

Ыстық ауа райы денсаулыққа қалай әсер етеді?

  09.07.2024
Ыстық ауа райы денсаулыққа қалай әсер етеді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ыстық ауа райының адам денсаулығына кері әсерін болдырмауға болатынын атап өтті. Осы мақсатта ДДҰ халыққа бірқатар ұсыныстар жариялады.

Адам ағзасында жылудың жинақталуы бірнеше факторлардың әсерінен болады: (а) организмнің сыртқы жылу жүктемесі (мысалы, жоғары температура, жоғары ылғалдылық, әлсіз жел, жылу сәулелену көздерінің болуы) нәтижесінде метаболизм процестері кезінде пайда болатын жылу энергиясын кетіре алмауы; (b) жылуды таратуға кедергі келтіретін киім кию; (с) қоршаған ортадан сыртқы жылудың түсуі.

Мұндай жағдайларда дененің ішкі температураны реттей алмауы және жылу бере алмауы жылудың сарқылуы мен жылу соққысының қаупін арттырады. Дененің салқындатуға жұмсаған қосымша күш-жігері жүрек пен бүйрекке де ауыртпалық түсіреді. Нәтижесінде қатты ыстық созылмалы аурулардың (жүрек-қан тамырлары, тыныс алу аурулары, психикалық бұзылулар және қантты диабет) асқыну қаупін арттырып, бүйректің жіті зақымдалуына әкелуі ықтимал.

Қатты ыстық тез өлімге немесе госпитализациялау қажеттілігіне әкелуі мүмкін, сондықтан кез-келген аптап туралы ескерту жедел шаралар қабылдаудың белгісі болуы керек.

Сондай-ақ, ыстық (аптап) электр қуатын немесе көліктің жұмысын тоқтатып, маңызды медициналық қызметтерді бұзуы немесе баяулатуы мүмкін. Қатты ыстық еңбек өнімділігін төмендетеді және жазатайым оқиғалар қаупін арттырады. Өте ыстық ауа райында жұмыс істеу немесе оқу қиын, сондықтан мектептер мен басқа мекемелер кейде аптап кезінде жұмысын тоқтатады. Ыстық кезеңдер атмосфераға қауіпті ластаушы заттардың шығарылуымен бірге жүруі мүмкін.

Ыстықтың денсаулыққа әсер ету ауқымы мен сипаты әдеттен тыс ыстық ауа райының уақытына, қарқындылығына және ұзақтығына, сондай-ақ жергілікті халықтың, инфрақұрылым объектілері мен мекемелердің акклиматизациясына және басым климаттың ерекшеліктеріне бейімделу дәрежесіне байланысты.

Тұрғындар не істеуі керек?

Қатты ыстықта далаға шықпауға тырысыңыз

  • Ең ыстық сағаттарда үйде болыңыз және ауыр жүктемелерден аулақ болыңыз.
  • Көлеңкеде жүріңіз. Есіңізде болсын, күн сәулесінде болған кезде қоршаған ортаның субъективті сезілетін температурасы 10-15 C жоғары болуы мүмкін.
  • Күніне екі-үш сағатты салқын жерде өткізіңіз.
  • Суға бату қаупі туралы біліңіз. Ешқашан жалғыз шомылмаңыз.
  • Қатты ыстық туралы ресми ескертулерді қадағалаңыз.

Үйді салқындатыңыз

  • Қараңғы түскеннен кейін, сырттағы температура үйдегіден төмен болған кезде, түнгі салқын ауа кіру үшін терезелерді ашыңыз.
  • Күндіз, сырттағы температура үйдегіден жоғары болған кезде, күн сәулесінің тікелей түсуіне жол бермейтін терезелерді, перделерді және жапқыштарды жабыңыз. Мүмкіндігінше электр құрылғыларын өшіріңіз.
  • Электр желдеткіштерін тек 40 C/104 F төмен температурада қолданыңыз, 40 C/104 F жоғары температурада желдеткіш денені қыздырады.
  • Егер кондиционер қолданылса, температураны 27 C/81 F етіп қойыңыз және электр желдеткішін қосыңыз – бөлме температурасы субъективті түрде 4  C төмен болады. Осының арқасында бөлмені салқындатуға жұмсалатын электр энергиясының 70 % - на дейін үнемдеуге болады.
  • Есіңізде болсын, сыртта көлеңкеде үйдегіге (орынжайға) қарағанда салқын болуы мүмкін.

Қатты қыздырынудан және сусызданудан аулақ болыңыз

  • Жеңіл және кең киім киіңіз, «еркін тыныс алатын» төсек-орындарды қолданыңыз.
  • Анда-санда салқын себезгі немесе ванна қабылдаңыз.
  • Теріңізді дымқыл шүберекпен немесе спреймен сулаңыз немесе жеңіл, ылғалданған киім киіңіз.
  • Суды үнемі ішіңіз (сағатына 1 стақан су және күніне кемінде 2-3 литр).
  • Ыстық ауа райы қауіп келтіретін таныстардың, әсіресе 65 жастан асқан егде жастағы адамдардың, жүрек, өкпе, бүйрегі ауыратын, мүгедектігі бар, жалғызбасты адамдардың жағдайын үнемі байқаңыз.

Аурухана серіктестері