логотип

Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

Маймыл шешегі туралы не білу керек?

  27.07.2022
Маймыл шешегі туралы не білу керек?

Маймыл шешегі – маймыл шешегі вирусынан туындайтын зооноздық (адамға жануарлардан жұғатын) жұқпалы ауру. Сондай-ақ, бұл инфекция адамнан адамға берілуі мүмкін.

Алғаш рет маймыл шешегі 1958 жылы зертханалық маймылдар колониясында, ал адамдарда 1970 жылы анықталды. Негізінен маймыл шешегі Орталық және Батыс Африка елдерінде кездеседі. 2022 жылғы мамырда маймыл шешегі эндемиялық емес бірнеше елдерде анықталды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінге дейін маймыл шешегі әлемнің 75 елінде анықталған, 16 мыңнан астам жұқтырған және 5 адам қайтыс болған. Көбінесе инфекция Еуропа мен Америкада анықталады, ерлер арасында жиі кездеседі.

Аурудың симптомдары:

  • Қызба
  • Қатты бас ауруы
  • Бұлшықет ауруы
  • Арқадағы ауырсыну
  • Әлсіздік
  • Лимфа түйіндерінің ұлғаюы
  • Тері бөртпелері мен зақымдануы

Аурудың жеңіл түрінде симптомдары бірнеше апта ішінде емдеусіз жазылуы мүмкін. Ауыр жағдайларда асқынулар болуы ықтимал, мысалы:

  • тері инфекциялары
  • пневмония
  • ақыл-есін жоғалту
  • көз инфекциялары
  • көру қабілетінің жоғалуы
  • өлім-жітім

Кез келген адамда маймыл шешегіне ұқсас белгілер байқалған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

Тәуекел топтары (инфекция жұқтыру қаупі жоғары):

  • Шешек ауруымен ауыратын маймылмен жақын бір ортада болған адамдар (хайуанаттар бағы, зертханалар және т.б.)
  • Иммунитетінде тапшылық бар адамдар
  • Жаңа туылған нәрестелер мен балалар
  • Медицина жұмыскерлері

Білгеніңіз жөн! Инфекция жұқтырған адаммен жақын контакт жасаған кез келген адам үшін маймыл шешегімен ауыру қаупі бар.

Инфекцияның таралу көздері мен жолдары:

Инфекцияның таралу көзі – ауру маймылдар мен ауру жұқтырған адамдар.

Берілу жолдары:

  • Контакт жасау арқылы: әсіресе науқастың бөртпелері мен биологиялық сұйықтықтары (тері мен ауыз қуысының сілемейлі қабатының зақымдануынан ірің және қан), жара қабыршағы, сілекей жұқпалы болып саналады.
  • Тұрмыстық жағдайда: ауру жұқтырған адамның төсек-орны, сүлгілері немесе жеке заттары (асүй құралдары мен ыдыс-аяғы) арқылы.
  • Жыныстық жолмен.
  • Жүктілік кезінде вирус іштегі нәрестеге плацента арқылы берілуі мүмкін
  • Босану кезінде немесе босанғаннан кейін «теріге тері» тию арқылы балаға берілуі мүмкін. 

Өзіңізді және өзгелерді қалай қорғай аласыз?

  • Маймыл шешегі көп таралған елдерге барудан бас тартыңыз!
  • Маймыл шешегімен ауыруы расталған немесе күдігі бар адамдармен қарым-қатынасыңызды шектеңіз.
  • Егер сіз медицина жұмыскері болсаңыз немесе науқас адаммен бірге тұрсаңыз, ауру жұқтырған адаммен физикалық контакт жасамау мүмкін болмаса, науқас өзін-өзі оқшаулау қағидаларын сақтауы керек және мүмкіндігінше терінің зақымданған жерлерін (мысалы, бөртпесі болса – жабық киім кию) жабық ұстағаны жөн.
  • Науқасқа жақындаған кезде екеуіңіз де медициналық бетперде тағуларыңыз керек.
  • Мүмкіндігінше науқастың терісіне қолыңызды тигізбеуге тырысып, бір реттік қолғап қолданыңыз.
  • Инфекция жұқтырған адамның киімін немесе төсегін ұстағанда қолғап киіп, бетперде тағыңыз.
  • Қолды үнемі сабынды сумен жуып немесе қол дезинфекциясына арналған спиртті ерітіндімен өңдеу керек, әсіресе ауру жұқтырған адамның жанында болып, оның киімін, төсек-орнын, сүлгісін және басқа жеке заттарын ұстағаннан кейін гигиена қағидаларын ұмытпаңыз.
  • Киімді, сүлгіні, төсек-орынды және ыдыстарды, ас құралдарын жылы сумен және жуғыш заттармен мұқият жуыңыз.
  • Вирус болуы мүмкін барлық заттардың бетін өңдеп, дезинфекциялаңыз.
  • Ресми дереккөздерден ақпарат алып, жаңа індет туралы хабардар болыңыз, бұл вирустың одан әрі таралуын болдырмауға көмектеседі.

ДДҰ мәліметтері бойынша вакцинация туралы:

Шешекке қарсы вакцина алған адамдар маймыл шешегінен белгілі дәрежеде қорғалған деп саналады. Шешекке қарсы вакцинация шешек бірінші толық жойылған ауру деп жарияланғандықтан 1980 жылы тоқтатылған. Бастапқыда қолданылған вакциналар енді халыққа қол жетімсіз, ал 40-50 жасқа дейінгі адамдарың көпшілігі шешекке қарсы вакцинацияланбаған.

Кейде кейбір зертханалар мен денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлеріне шешекке қарсы жаңа вакцинация жүргізіледі. Мысалы, 2019 жылы маймыл шешегінің профилактикасы ретінде ең жаңа шешекке қарсы вакциналардың бірі (MVA-BN, сондай-ақ Imvamune, Imvanex немесе Jynneos деп те аталады) мақұлданды, бірақ ол әлі кеңінен таралған жоқ.

Қазіргі уақытта ДДҰ вакциналардың қолжетімділігін арттыру үшін өндірушілермен жұмыс істеуде.




Материалды дайындау кезінде ДДҰ сайтындағы деректер пайдаланылды

https://www.who.int/ru/news-room/questions-and-answers/item/monkeypox


Аурухана серіктестері