15-16 мамыр «Қазақстандағы тераностика: жол басы» ядролық медицина бойынша халықаралық конференциясы
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының базасында 15-16 мамыр аралығында "Қазақстандағы тераностика: жол басы" ядролық медицина бойынша кезекті халықаралық конференция өтеді. Конференция аясында ТМД ядролық медицинасының жетекші мамандары 3 ағымдық шеберлік сағатын өткізеді.
Тераностика - ерте диагностика құралы және терапевтік агент саналатын препараттарды жасау арқылы терапевтік және диагностикалық мәселелерді кешенді шешетін ядролық медицина саласы.
Конференцияға Ресей мен Қазақстанның ядролық медицина саласындағы жетекші мамандары мен ғалымдары қатысады. Конференцияның негізгі бағыты - тераностикаға арналған радиофармпрепараттарды өндіру технологияларын дамыту, тераностикада қолдануға арналған ядролық медицина әдістерінің мүмкіндіктері, радиоиодтерапия, проблемалар мен перспективалар, халықаралық тәжірибені талқылау.
Конференция ядролық медицина, сәулелік диагностика дәрігерлері, онкологтар, кардиологтар, урологтар, радиохимиктер, аналитикалық химиктер, физиктер, клиникалық физиктер, резиденттер үшін өткізіледі.
15 мамыр: бірінші күні конференция дәрігерлер, физиктер, химиктер үшін F блогының үлкен мәжіліс залында өтеді.
Конференция шеңберінде Қазақстандағы радиологияның қазіргі даму жағдайы, аналық без обыры кезіндегі метастаздар мен рецидивтерді диагностикалауда 18F-FDG бар ПЭТ/КТ мүмкіндіктері туралы толық ақпарат ұсынылады, Қазақстандағы тераностиканың проблемалары мен перспективалары талқыланады.
Конференция соңында сарапшылардың дөңгелек үстелі ұйымдастырылады.
16 мамыр: рентгенологтар, радиохимиктер және циклотрон инженерлері үшін ресейлік мамандардың қатысуымен 3 ағымдық шеберлік сағаты өтеді. Біздің ауруханада енгізу жоспарланған жаңа радиофармацевтикалық препараттарды қолдану, 18F-FET және 18F-PSMA препараттарын қолдану кезіндегі клиникалық жағдайлар бойынша мәселелер қаралады.
Бұл іс-шара GE Healthcare (General Electric) компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр.
Конференция 2024 жылғы 15 мамыр сағат 9:00-де басталады.
Өтетін орны: ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы.
Мекенжайы: Астана қ., Мәңгілік ел даңғылы, 80.