ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында Әзербайжан Денсаулық сақтау министрі бастаған делегациямен кездесу өтті

Медициналық орталық ауруханасында Әзербайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Теймур Мусаев бастаған делегациямен ресми кездесу өтті. Шетелдік меймандардың сапары Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылып, медицина мен денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.
Кездесуге Әзербайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Теймур Мусаев, Министрлік аппаратының басшысы Турал Бабаев және халықаралық ынтымақтастық бағытының мамандары қатысты. Сондай-ақ Аурухана директоры Раушан Қарабаева, дәрігерлер мен бейінді бөлімшелердің басшылары және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ұлттық ғылыми орталықтар мен ведомстволық ұйымдардың өкілдері болды.
Шара барысында тараптар екіжақты іс-қимылдың келешегін, клиникалық практикада тәжірибе алмасу, заманауи медициналық технологияларды енгізу, оның ішінде ядролық медицина бағытындағы мүмкіндіктер, сонымен қатар ғылыми-білім беру саласындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Одан кейін делегация мүшелері үшін Аурухана бойынша инфотур ұйымдастырылып, олар мекеменің озық инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, қонақтар Check-up бөлімшесінің, Қалпына келтіру және оңалту орталығының, Клиникалық-фармакологиялық бөлімнің, сондай-ақ КТ/МРТ бөлімшелерінің жұмысын көрді.
Іс-шара соңында тараптар Қазақстан мен Әзербайжанның медициналық мекемелері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайтуға бағытталған алдағы жоспарларды айқындады. Сондай-ақ өзара байланысты жалғастыруға ниет білдіріп, кездесуді естелік суретке түсумен қорытындылады.
Аталған шара Медициналық орталық ауруханасының халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, заманауи технологияларды ілгерілетудегі маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

