Иконка Call Center

Иконка для слабовидящих

Тіркелу

ҚР ПІБ МОА Қалпына келтіру емі және оңалту орталығы – белсенді өмірге қадам

  04.02.2026
ҚР ПІБ МОА Қалпына келтіру емі және оңалту орталығы – белсенді өмірге қадам

Инсульт, ауыр жарақат немесе операция адам өмірін санаулы минуттың ішінде өзгертіп жіберуі мүмкін. Тіпті ем сәтті аяқталғаннан кейін де көптеген науқасқа бұрынғы қалыпты өміріне бірден оралу қиынға соғады. Сондықтан бүгінгі таңда оңалту емнің міндетті жалғасы болып табылады. Оңалту – жоғалған функцияларды қалпына келтіруге, адамның күнделікті іс-әрекеттерді өз бетінше орындауына көмектесуге және өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді үдеріс. Оңалту науқастың жағдайы тұрақтанғаннан кейін басталып, әр адамның жеке ерекшеліктеріне, жағдайына сай жүргізіледі.

ҚР ПІБ МО ауруханасының Қалпына келтіру емі және оңалту орталығы неврология, травматология, кардиология және пульмонология бағыттары бойынша науқастарға көмек көрсетеді. Мұнда көбіне инсульттен кейін, бас миы мен жұлын жарақаттарынан соң, нейрохирургиялық операциялардан кейін, сондай-ақ буын алмастыру, сыну және басқа да ауыр операциялардан кейінгі оңалту жүргізіледі.

Орталықта мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады. Бұл дегеніміз – науқастармен реабилитолог-дәрігерлер және әртүрлі бағыттағы мамандардан құралған команда бірлесе жұмыс істейді. Осындай тәсіл қозғалысты, сөйлеуді, ойлау қабілетін, эмоциялық жағдайды және күнделікті тұрмыстық дағдыларды кешенді түрде қалпына келтіруге мүмкіндік беріп, тұрақты әрі қауіпсіз нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі.

Сонымен қатар ҚР ПІБ МО ауруханасында заманауи роботталған технологиялар кеңінен қолданылады. Lokomat аппараты жүру дағдыларын қалпына келтіруге, ал Amadeo және Gloreha тренажерлері қол мен саусақ қозғалыстарын дамытуға арналған. Бұл жүйелер қозғалыс бұзылыстары айқын болған жағдайда ерекше тиімді. Өйткені қозғалысты қауіпсіз қалыптастырып, оңалту үдерісін бақылауға мүмкіндік береді. Болашақта Орталық қалпына келтіру емі мен оңалтуды дамытып, технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтуді және пациентті белсенді әрі тәуелсіз өмірге қайтаруға баса назар аудара отырып, Mulligan мен PNF сияқты заманауи әдістерді енгізуді жоспарлап отыр.




Аурухана серіктестері