Иконка Call Center

Иконка для слабовидящих

Тіркелу

Ядролық медицина – қатерлі ісікті ерте анықтаудың заманауи мүмкіндігі

  04.11.2025
Ядролық медицина – қатерлі ісікті ерте анықтаудың заманауи мүмкіндігі

Қатерлі ісікті ерте анықтау мен тиімді емдеу – ядролық медицинаның басты мақсаты. Радиоизотоптар арқылы ағзадағы өзгерістерді молекулалық деңгейде зерттейтін бұл сала бүгінде Қазақстанда белсенді дамып келеді.

Ядролық медицина онкологиялық, кардиологиялық және неврологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде қолданылады. Ерекшелігі – ағзаның құрылымын ғана емес, жасушалық және биохимиялық қызметін зерттеуінде. Егер компьютерлі немесе магнитті-резонансты томография анатомиялық өзгерістерді анықтаса, ядролық медицина функционалдық және биохимиялық өзгерістерді, жасуша мен тіндердің метаболизмін көрсетеді, яғни ауруды клиникалық белгілерге дейін анықтауға мүмкіндік береді.

Салада кең қолданылатын бағыттың бірі – тераностика, яғни терапия мен диагностиканы біріктіретін әдіс. Радиоизотоптар ісік жасушаларын дәл нысанаға алып, іштен сәулелендіру арқылы жояды. Бұл сау тіндерге зиян келтірмейді және жанама әсері аз. Мысалы, радиоактивті йод-131 қалқанша безі ауруларын, ал лютеций-177 қуықасты безі мен нейроэндокринді ісіктерді емдеуде қолданылады. Самарий-153 сүйек метастаздарының ауырсынуын азайтады. Айта кетсек, самарий оксабиформен емдеу Қазақстанда тек ҚР ПІБ МО Ауруханасының Ядролық медицина орталығында жүргізіледі.

Ядролық диагностиканың негізгі әдістерінің бірі – ПЭТ/КТ. Бұл құрылғы екі технологияны біріктіреді: КТ ағзаның құрылымын, ал ПЭТ жасушалардың метаболизмін көрсетеді. ПЭТ/КТ қатерлі ісіктің таралуын, ем тиімділігін және рецидивтерді нақты анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе фтордезоксиглюкозамен зерттеу ұсақ ісік ошақтарын ерте сатыда табуға көмектеседі. ПЭТ/КТ қатерлі ісікке күдік туған жағдайда немесе ем нәтижесін бақылау үшін көбіне дәрігердің тағайындауы бойынша жүргізіледі.

ҚР ПІБ МО Ауруханасының Ядролық медицина орталығы – еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі, халықаралық стандарттарға сай жабдықталған ядролық медицина мекемесі. Мұнда радиофармпрепараттар белсенді өндіріледі, сондықтан диагностика үзіліссіз жүргізіледі. Орталықта жоғары білікті мамандар еңбек етеді, ал 2025 жылдан бастап ядролық медицина резидентура бағдарламасы ашылды. Аурухананың ядролық медицина орталығында жыл сайын 12 мыңнан астам науқасқа радиоизотопты (барлық дененің, бастың ПЭТ/КТ, ОФЭКТ/КТ, сцинтиграфия) зерттеулер жасалады.

Ядролық орталық – еліміздегі жоғары технологиялық медицинаны дамытудағы маңызды ғылыми және клиникалық база. Радиофармпрепараттардың тұрақты өндірісі мен халықаралық стандарттарға сай қызметі қазақстандық медицинаның жаңа кезеңін қалыптастыруға үлес қосуда.


Аурухана серіктестері