ҚР ПІБ МО ауруханасының дәрігері ұшақ бортында 60 жастағы жолаушыны құтқарып қалды

ҚР ПІБ МО ауруханасының ревматолог-дәрігері Жанна Садыбекова ұшақ бортында қан қысымы көтерілген жолаушыны құтқарып қалды.
Дәрігердің айтуынша, оқиға Бакуден Астанаға бағыт алған ұшақта болған.
«Ұшқаннан 1-1,5 сағат өткен соң бортсеріктер ағылшын тілінде «ұшақ салонында дәрігерлер немесе парамедиктер бар ма?» деп хабарлады. Қарасам, ұшақтың арт жағында шамамен 60 жастағы әйел есінен танып қалыпты, дереу көмекке жүгірдім. Әуелі есін жинауға көмектестік, содан кейін не мазалап тұрғанын сұрадым», - дейді дәрігер.
Бірақ жағдайы нашарлаған жолаушы дұрыс жауап бере алмаған.
«Пациент гипертониялық асқынудан бөлек, әуедегі қысымнан екі рет жүрегі айнып, құсты. Сол себепті қан қысымын біртіндеп түсіру туралы шешім қабылдадық. Ұшақ салонындағы дәрі қобдишасында, өкінішке қарай, гипотензивті препараттар болмағандықтан, бортсеріктерден салоннан «Каптоприл» дәрісін табуды сұрадым. Дәріні қабылдағаннан кейін әйелдің қан қысымы тұрақтала бастады,», - дейді Жанна Садыбекова.
Ревматологтің сөзінше, қан қысымы көтерілген кезде гипотензивті препараттардан бөлек аяққа ыстық ванна жақсы көмектеседі. Ұшақта мұндай мүмкіндік болмағандықтан дәрігер бортсеріктердің көмегімен бөтелкеге ыстық су құйып, оны сүлгіге орап, аяқтың астына қойған.
«Осының бәрі қан қысымын 130/80-ге дейін түсіруге көмектесті. Бірақ пациент бәрібір әлсіз болды және жүрегі айнып отырды. Мен жағдайы тұрақталғанша жанында болдым. Ұшақ қонғаннан кейін есіктің алдында жедел жәрдем күтіп тұрды. Әріптестерімізге тапсырып көңіліміз орнына түсті», - деп баяндады дәрігер.
Мұндай жағдай жиі ұшаққа отыратын дәрігердің өмірінде алғаш рет болып тұрған жоқ. Ол бұған дейін де Кутаиси-Астана, Астана-Түркия бағытындағы ұшақтарда жағдайы нашарлаған адамдарға көмек көрсеткен.