ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының орынбасары «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медалін иеленді

Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әзілханов этномәдени бірлестік өкілдеріне этносаралық келісімді дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.
ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары Шаназаров Насрулла Абдуллаевич та ел бірлігі мен татулығын, сондай-ақ медицина саласын нығайтуға қосқан үлесі үшін мерейтойлық медальмен марапатталды.
Шаназаров Насрулла – денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, өз ісіне адал кәсіби маман. Ол Қазақстанда алғаш рет қатерлі ісікті емдеуге арналған Фотодинамикалық терапия орталығын ашып, онкология саласында тың жаңалықтарға жол ашты. Бұл бастама ел медицинасында балама және инновациялық емдеу әдістерін дамытуға үлкен серпін берді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері 30 жыл бойы этносаралық келісімді нығайтып қана қоймай, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда, халықтың біртұтастығын сақтау және ұлттар арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Шаназаров Насрулла Абдуллаевичтің еңбегі осы ортақ мақсаттарға қосылған елеулі үлес ретінде бағаланды.