Жамбыл облысындағы үш күн: 15 операция, 26 консультация, 9 дәріс
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы дәрігерлерінің Жамбыл облысындағы жұмыс сапары жалғасуда.
Бүгінге дейін ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының хирургия бойынша орынбасары, жоғары санатты нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев Тараз қалалық көпбейінді ауруханада 12 күрделі операцияны сәтті жасап, 20 өңір тұрғынына дәрігерлік консультация жүргізді.
Ал Эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Арсен Түсіпбаев 3 күрделі операция жасап, «Эндоскопиядағы заманауи зерттеу және емдеу әдістері» тақырыбында өңірдегі 40 әріптестің қатысуымен 3 дәріс оқыды.
Аурухана директорының емдік жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева облыстың түрлі медициналық мекемесінен келген 56 әріптеске «Сепсис кезіндегі антибиотикалық терапия. Антибиотикке төзімділік» тақырыбында және аурухана басшылығының өтінішімен 16 фармаколог пен дәрішіге аурухана дәріханасы туралы дәріс оқыды.
Дербестендірілген геномдық диагностика зертханасының меңгерушісі Гүлшара Әбілдина «Мақсатты препараттарды таңдау үшін онкологиялық аурулардағы генетикалық зерттеулер» және медицина ғылымдарының кандидаты, бас онколог Назар Сейдалин «Сүт безі қатерлі ісігі мен меланомадағы қарауыл лимфа түйіндерінің биопсиясы» тақырыбында 25 өңір маманына дәріс жүргізді.
Жамбыл облысындағы 15 әріптеске №5 терапиялық бөлімшенің (терапия, ревматология, нефрология) меңгерушісі Айжан Сарсенбаева «Созылмалы бүйрек ауруы – терапевтің практикалық тәсілі. Бүйректің жедел зақымдануы – бастапқы дифференциалды диагностиканың кемшіліктері» тақырыбында 2 дәріс оқыды. Сондай-ақ 6 күрделі пациенттке консультация жүргізді.
Жамбыл облысындағы іс-шаралар 29 қыркүйекке дейін жалғасын табады.