ҚР ПІБ МО ауруханасының бас гастроэнтерологі Бақытжан Биімбетов халықаралық конференцияға қатысты
ҚР ПІБ МО ауруханасының Гастроэнтерология және гепатология орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Саумал, қымыз, шұбат – емдік-шипалық қасиеттері» атты халықаралық гастроэнтерологиялық конференция өтті.
Медицина ғылымының докторы, профессор Абай Жанғабыловты еске алуға арналған халықаралық конференцияға Франция, Германия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен білікті мамандар қатысты. Бие сүті мен қымыздың емдік қасиеттерін зерттеу нәтижелері, түйе сүтінің құпиялары, аутизм спектрінің бұзылыстары кезінде түйе сүтінің ем-шипалық рөлі, ішек дисбиозын емдеу мәселелері, қартаюға қарсы терапияға заманауи көзқарастары мен зерттеулерін ортаға салған конференцияда 20-ға жуық баяндама, 10 постерлік есеп және тақырып аясында өзекті мақалалар тыңдалды.
– Бүгінде дәрігерлер фармакологиялық терапияға көп бағытталған. Себебі саумал мен қымыздың шипалық қасиеттері жайлы медициналық жоғары оқу орындарында үйретілмейді, оқу бағдарламасына енгізілмеген. Конференция соңында саумал және қымызбен емдеу тәсілін қосымша сабақ ретінде оқу бағдарламаларына енгізу және медицинада қолдану туралы резолюция қабылданды, енді ұсынысымыз министрлікке жолданады, – дейді ҚР ПІБ МО ауруханасының бас гастроэнтерологі, конференция ұйымдастырушысы Бақытжан Биімбетов.
Онлайн және офлайн форматта өткен халықаралық конференцияға 1500-ға жуық адам қатысып, бие сүтінің емдік қасиетін зерттеу аясы кеңейтілді.