Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасына 25 жыл!

  30.12.2022
ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасына  25 жыл!

Медициналық орталық ауруханасының тарихы 1997 жылғы 29 желтоқсанда, еліміздің елордасы Астана қаласына көшірілген кезеңде басталады. Осы жылдар ішінде Аурухана еліміздің түпкір-түпкірінен келген мыңдаған қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсетті.

Осы жылдарда Аурухана медициналық қызметінің халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігі бойынша үш рет JCI халықаралық аккредиттеуінен сәтті өтті. 2018 жылдан бастап мұнда дербестендірілген геномдық диагностика зертханасы жұмыс істейді, Қазақстандық халықаралық референттік және роботталған хирургия оқу орталығы ашылды. 2021 жылы заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланған жаңа Check-Up диагностика бөлімшесі ашылды. Сондай-ақ, 2021 жылы Ауруханаға жоғары санат берілді. Аурухана дәріханасы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы тиісті дәріхана практикасының (GPP) талаптарына сәйкестігі туралы сертификат алды.

Биыл Аурухана базасында жаңа объектілер – Ядролық медицина орталығы мен Емдік-диагностикалық блок ашылды. Тағы бір айтулы оқиға – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Циклотронды-өндірістік кешенде онкологиялық пациенттерге ПЭТ/КТ зерттеу жүргізуге арналған алғашқы радиофармацевтикалық препарат өндірілді. Жаңадан ашылған бірегей объектілердің қазақстандықтар үшін денсаулықты нығайтуға және жаңа медициналық технологиялардың қолжетімділігін арттыруға қосқан үлесінің маңыздылығын атап өткен жөн.

Жаңа әдістемелер, заманауи технологиялар, озық дәрігерлер тобы және халықаралық стандарттар бойынша емдеу Медициналық орталық ауруханасына денсаулық сақтау саласындағы көшбасшы болуға мүмкіндік берді. 2022 жылы жоғары технологиялық медициналық көмекті ұлғайту мақсатында Медициналық орталық Ауруханасының практикасына диагностика мен емдеудің 20 жаңа технологиясы (14 емдік, 6 диагностикалық) енгізілді. Осы технологиялардың көмегімен 119 адам ем алды, 1869 пациент диагностикадан өтті.

Бүгінгі таңда Медициналық орталық ауруханасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде, ақылы және шарттық негізде Қазақстан Республикасының азаматтарына медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи көпбейінді емдеу мекемесі болып табылады. Соңғы 10 жылда Ауруханада 50 000-нан астам операция жасалып, 100 000-нан астам пациент емделді.

Бүгінге дейін орасан зор жұмыс атқарылды, бірақ халық денсаулығын нығайтудың жоғары деңгейіне қол жеткізу, профилактиканың, диагностиканың, емдеу мен оңалтудың озық әдістерін қолдана отырып медициналық қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіру үшін әлі де көп жұмыс атқарылатын болады. 


Аурухана серіктестері