Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

ҚР ПІБ МО АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС АРИТМОЛОГЫ АЯН ӘБДІРАХМАНОВ: «ЖҮРЕК БӘРІН СЕЗЕДІ»

  02.03.2023
ҚР ПІБ МО АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС АРИТМОЛОГЫ АЯН ӘБДІРАХМАНОВ: «ЖҮРЕК БӘРІН СЕЗЕДІ»

Заманауи аритмология немесе электрофизиология қазіргі уақытта жеке клиникалық салаға айналды. Ресми түрде 1992 жылы АҚШ-та пайда болған бұл бағыт заманауи медициналық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты бастапқыда жүректің кенеттен тоқтау қаупін анықтауды және оның алдын алу шараларын әзірлеуді мақсат етті.

Көптеген заманауи ғылыми-практикалық бағыттар сияқты, бұл сала кардиология, кардиохирургия, рентгенология, анестезиология-реаниматология, математика және инженерияның сабақтасығынан пайда болған синтетикалық мамандық. Қазіргі заманғы медицина үшін бұл клиникалық бағыттың маңызы зор. ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында барлық бағыттағы дәрігерлер жұмыс істейді, оның ішінде аритмология саласының дәрігерлері де бар.

Аян Әбдірахманов – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ аритмологтар қоғамының президенті, Еуропалық жүрек ырғағы қауымдастығындағы Қазақстан өкілі, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының бас аритмологы. Семей Мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Кардиология, аритмология (клиникалық электрофизиология, электрокардиостимуляция), эхокардиография, ЭКГ және АҚ тәуліктік мониторингі, кезек күттірмейтін терапия, анестезиология және реаниматология салаларында мамандандырылған білімі бар.

Австрия, Венгрия, Германия, Италия, Чехия елдерінде жүрек ырғағының бұзылуын емдеудің интервенциялық әдістері бойынша тағылымдамадан өткен. Ол өз кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп, «Аритмология» деп аталатын көпшілікке бәлкім беймәлім саланың айрықша тұстарын таныстырды.

- Сіз өз мансабыңызда қанша операция жасадыңыз?

«Мен жасаған операцияларымды санамаймын. Ең алдымен, мені пациенттің денсаулығы алаңдатады. Операцияға кірген кезде уақытты емес, қалай көмектесе алатынымды ойлап, бар күшімді соған саламын», - дейді Аян Абдрахманов.


- Сіз аритмолог мамандығына қалай келдіңіз?

«Мен кардиолог кәсібінен бастадым. Семей медицина академиясының клиникалық ординатурасын бітіргенмін. 2001 жылы интервенциялық аритмологиямен айналыса бастадым. Бұл медицина саласындағы техника мен жаңалықтарды қажет ететін өте жоғары технологиялық мамандық. Осы саланың жаңашылдықтары мен үрдісін бақылап отыру маңызды», - дейді аритмолог дәрігер.

Аян Әбдірахманов ҚР ПІБ МО ауруханасында жүрек ырғағының бұзылуына операцияның барлық түрін жасайды. Ол ТМД-да алғаш рет Микра электродсыз электрокардиостимулятор имплантациясын және HD Grid катетерімен жоғары тығыздықты картаға түсіру операцияларын жасаған. Жүкті әйелдер мен балаларға да флюороскопиясыз операцияларды алғашқылардың бірі болып жасаған жоғары білікті маман. Сандарды сөйлетсек, жылына 350-ден астам операция жасайды.


- Аян Сұлейменұлы, көпшілікті қызықтыратын сұрақтардың бірі ол -кардиохирургия мен аритмологияның айырмашылығы.

«Аритмологтардың айырмашылығы, меніңше алдын-ала ойланатындығында. Мысалы, кардиохирургтар ашық жүректе жұмыс істесе, аритмологтар қантамырлар арқылы. Жүректі көріп, қолмен ұстап сезу мүмкіндігі болмағандықтан, әрдайым ойша өз іс-әрекетіңізді жоспарлау керек. Сондықтан сіз қандай да бір жағдайда қалай әрекет ету керек екенін іштей сезіне білу керексіз»,-деп бөлісті өз ойымен маман.


- Сіздің ойыңызша «жүрек» дегеніміз не?

«Бұл жерде қалжыңдап жауап бергенді жөн санаймын. Ми, біз білетіндей, ағзаның жұмысына жауап береді. Бұл адам анатомиясындағы негізгі орган. Импульс мидан келеді, бірақ біз жүрегімізбен сеземіз. Бұл орган «алтыншы сезім» деп аталатын нәрсеге, яғни ғашық болу немесе түйсікке жауап береді. Бас, әрине, барлығын ойлайды, десек те, бәрін сезетін – «жүрек», - деп қорытындылады Аян Әбдірахманов.


Айта кетейік, 6-7 қазан күндері ҚР ПІБ МО ауруханасында алғаш рет Еуропалық жүрек ырғағы қауымдастығымен халықаралық конференция өтеді. Испания, Австрия, Түркия, Венгрия, Германия, Орталық Азия және т.б. елдердің жетекші аритмологтары Медициналық орталықтың ауруханасында дәріс оқып, Аурухана дәрігерлерімен бірлескен шеберлік сабақтарын өткізу үшін келеді. Бұл іс-шара ҚР ПІБ МО ауруханасы дәрігерлеріне біліктілігін арттыруға, сондай-ақ әлемдік жетекші аритмологтармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.


Аурухана серіктестері