Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

Ұйқы - салауатты өмірдің негізгі құрамдас бөлігі

  23.02.2024
Ұйқы - салауатты өмірдің негізгі құрамдас бөлігі

Салауатты ұйқы адамға физиологиялық тұрғыдан қажет және физикалық және психикалық денсаулықтың маңызды шарты болып табылады. Адам өз өмірінің үштен бірін ұйқымен өткізеді, сондықтан ұйқының салауатты және дұрыс болуы үшін өміріміздің бұл бөлігіне мұқият қарау керек.

Ұйқы екі фазаны қамтиды - баяу және жылдам.

Баяу ұйқы ұйқыға кеткеннен кейін бірден басталады және шамамен 90 минутқа созылады. Дене босаңсып, көз қозғалмайды, адам демалады.

Жылдам ұйқы баяу ұйқыдан кейін және 10-20 минутқа созылады. Дене қызуы мен қан қысымы көтеріледі. Дене қозғалмайды. Көз алмасы жабық қабақтың астында айналмалы қозғалыстар жасайды. Ми белсенді жұмыс істейді – адам түс көреді.

Бұл екі фаза бір-бірімен алмасып отырады. Ұзақ салауатты ұйқы кезінде адам бес толық циклден өтеді. Баяу ұйқы бірте-бірте қысқарады, ал жылдам ұйқы ұзарады (5 минуттан бір сағатқа дейін).

Дені сау ересек адамға шамамен сегіз сағат ұйықтау ұсынылады: 100 минуттан 5 цикл (5х100/60=8).

ҰЙҚЫ ФУНКЦИЯЛАРЫ

  • Организмнің демалуы
  • Организм ағзалары мен жүйелерін қалыпты жұмыс істеуі үшін қорғау және қалпына келтіру.
  • Ақпаратты өңдеу, біріктіру және сақтау.
  • Жарық өзгеруіне бейімделу (күн-түн).
  • Адамның қалыпты психоэмоционалдық жағдайын сақтау.
  • Ағзаның иммунитетін қалпына келтіру.


САЛАУАТТЫ ҰЙҚЫ ҚАҒИДАЛАРЫ

Ұйқының денсаулық үшін өте пайдалы болатын бірқатар қағидалары бар. Бұл қағидалар ұйқы кезінде организмге өз функцияларын дұрыс орындауға көмектеседі, бұл адамның ояу кезіндегі әл-ауқатына және көңіл-күйіне жақсы әсер етеді.

  1. Аптаның күніне қарамастан бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуға тырысыңыз.
  2. 22:00 мен 24:00 сағат арасында ұйықтаған дұрыс. Дәл осы уақытта адамдардың көпшілігінің организмі босаңсуға бейімделеді.
  3. Ұйықтар алдында тамақ ішпеген жөн. Ұйықтардан бірнеше сағат бұрын көкөніс, жеміс немесе сүт өнімдері сияқты жеңіл тағамдар жеуге болады.
  4. Ұйықтар алдында алкогольді немесе құрамында кофеин бар сусындар (какао, кофе, шай) ішпеңіз. Ұйықтардан бұрын түймедақ, жалбыз қосылған шай немесе бал қосылған жылы сүт ішу - организмге пайдалы болады және тез әрі жеңіл ұйықтауға көмектеседі.
  5. Ұйықтар алдында таза ауада серуендеу тез ұйықтап кетуге көмектеседі.
  6. Ұйықтар алдында проблемалар мен уайымдар туралы ойламаған жөн. Кешке ешнәрсеге алаңдамай, организмнің толық демалуына және қалпына келуіне көмектескен дұрыс. Мүмкін болса, бұлшықеттеріңізді босаңсытып, жағымды нәрсе туралы ойланыңыз.
  7. Ұйықтар алдында суық душ қабылдауға болмайды, бұл процедураны таңертең қалдырыңыз. Кешке жылы ванна немесе жылы душ қабылдаған дұрыс.
  8. Тез және тыныш ұйықтау үшін кітап оқуға немесе жұмсақ, баяу музыка, табиғат дыбыстарын тыңдауға болады.
  9. Ұйықтар алдында ұйықтайтын бөлмені желдетуді ұмытпаңыз.
  10. Ұйықтайтын бөлмеде шамдарды өшіріп жатыңыз, әйтпесе шала ұйықтайсыз, бұл организмнің толық демалуына және қалпына келуіне мүмкіндік бермейді.
  11. Жеңіл киіммен ұйықтаған дұрыс, ал тоңып қалсаңыз – қосымша көрпе жамылыңыз.
  12. Ұйықтайтын жер тегіс болғаны жөн, тым жұмсақ және тым қатты болмауы керек.
  13. Көлденең күйде, сол қырдан оң қырға ауысып ұйықтаған дұрыс. Мамандар етбетінен жатып ұйықтамауға кеңес береді.
  14. Күніңізді жақсы көңіл-күймен бастау үшін төсекте ұзақ жатпаңыз, оянғаннан кейін бірден созылып, күліп, тұрыңыз.


Аурухана серіктестері