Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

Адам организміндегі кальций

  27.12.2023
Адам организміндегі кальций

Кальций - адам организміндегі көптеген биохимиялық реакцияларға қатысатын маңызды макроэлемент. Сүйек пен тістің құрылысы мен нығаюындағы негізгі элемент жүйке импульстарының өтуіне, миокардтың, қаңқа бұлшықеттерінің қалыпты жиырылуына, қанның ұюына қажет. Адамның жасы мен жынысына байланысты кальцийге күнделікті қажеттілік әртүрлі – балалар, жүкті және бала емізетін әйелдердің организмі макроэлементтің анағұрлым көп мөлшерін қажет етеді. Гормондық терапия, қарқынды физикалық және спорттық жаттығулар кезінде кальцийге қажеттілік арта түседі.

Алдын алу мақсатында ересек адамға ұсынылатын тәуліктік доза 1000 - 1200 мг кальций құрайды.

Тамақтан кальцийді жеткілікті мөлшерде қабылдау:

  • сүйек тінінің, соның ішінде тіс пен шеміршек түзілуіне;
  • сүйек тінінің қалыпты құрылымы мен минералды тығыздығына;
  • остеопороздың алдын алу және емдеуге;
  • сүйек шорының тез түзілуі және сынықтардың жазылуына;
  • қанның қалыпты ұюына;
  • қаңқа бұлшықеттерінің тонусына;
  • майлар мен нәруыздың ыдырауына байланысты бұлшықеттерде жиналатын сүт және несеп қышқылының жағымсыз әсерін бейтараптандыруға (физикалық жүктеме кезінде);
  • қан қысымын ретке келтіруге ықпал етеді.

Организм кальцийді ұзын түтік тәрізді сүйектердің кеуекті құрылымында сақтайды, ал минералды тағамнан жеткіліксіз қабылдағанда, организм оны сүйек тінінен алады, нәтижесінде жамбас, омыртқа және аяқ сүйектері минерал жоғалтады.

Кальций жетіспеушілігінің белгілері:

  • буын, сүйек, тіс ауруы, тырнақ сынғыштығы;
  • бұлшықет спазмы, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы
  • аяқ-қол ұюы, құрысулар
  • тіс эмалінде шағын жарықтардың пайда болуы, тістің сынып-бұзылуы
  • өсудің тежелуі, балалар рахиті
  • жиі сүйек сынуы, омыртқа деформациясы
  • қан ұюының төмендеуі
  • қандағы холестерин деңгейінің көтерілуі
  • тері бөртпелері, оның ішінде экзема
  • аллергиялық реакциялар
  • етеккірдің шамадан тыс келуі

Кальций жетіспеушілігінің 80% жағдайында симптомсыз өтеді, бұл ауыр остеопороз, бүйрек тастарының пайда болуы, гипертония, остеохондроз сияқты патологиялардың дамуына әкеледі.

Жетіспеушіліктің дамуының себептері:

  • рационда құрамында кальций бар тағамдардың болмауы
  • сүт нәруызын ыдырататын лактоза ферментінің жетіспеушілігінен немесе дисбактериозға байланысты оның ішекте сіңуінің бұзылуы
  • организмде натрий, фосфор, темір, қорғасын, мырыш, калий, магнийдің артық болуы
  • ас қорыту жолдарының созылмалы аурулары (асқазан және ұлтабардың ойық жарасы, панкреатит, қант диабеті, бүйрек жеткіліксіздігі)
  • кальций алмасуын бақылайтын гормонның (тирокальцитонин) синтезі бұзылғанда, қалқанша безі ауруы кезінде
  • жүктілік, бала емізу, стресстік жағдайлар, физикалық белсенділік, темекі шегу салдарынан «сүйек түзетін» элементті тұтыну артады.
  • ішекте минералды заттардың сіңуіне кедергі келтіретін сусындарды шамадан тыс тұтыну (газдалған сусындар, энергетикалық сусындар, кофе, алкоголь)
  • D дәруменінің тапшылығы, әсіресе қатаң диета ұстанған кезде, вегетариандық, организмнен кальцийді «шығаратын» несеп айдайтын және іш жүргізетін дәрілерді ұзақ уақыт қолдану.

Тәуліктік норманы алу үшін рационға құрамында кальцийі жоғары тағамдарды қосу ұсынылады: ашытылған сүт өнімдері, көкнәр тұқымдары, күнжіт тұқымдары, ірімшік, жұмыртқа, балық, сарымсақ, жаңғақ (бадам, орман жаңғағы) және ақжелкен. Организмде D дәрумені мен магнийдің мөлшері жеткілікті болғанда кальций В6 және В12 дәрумендерімен жақсы сіңеді.

Маңызды! Кальцийдің жеткілікті мөлшері бар екеніне көз жеткізіңіз, өйткені кальцийдің жетіспеушілігі сүйек остеопорозына әкелуі мүмкін, ал артық мөлшері бүйрек пен қуық тастарының пайда болуына әкелуі мүмкін.

Сондықтан қандағы кальций мөлшерін анықтамай, дәрігермен кеңеспей кальций қабылдауға болмайды.


Аурухана серіктестері