Нашар көретіндерге арналған нұсқа

+7(7172) 70-80-90
+7 702 006 56 56

Қазақстандағы алғашқы әйел кардиохирург Арайгүл Ыдырышева: «Мақсаты айқын, бағыты анық адам – күшті адам»

  10.03.2023
Қазақстандағы алғашқы әйел кардиохирург Арайгүл Ыдырышева: «Мақсаты айқын, бағыты анық адам – күшті адам»

Жыл өткен сайын әйелдер ертеден қалыптасқан стериотиптерді бұзып, ер азаматтармен тепе-тең қызмет етіп келеді.  Бүгінгі әйел бейнесі – іскер, қызметкер, басшы сынды лауазымдармен толыққан. Қоғамда аса қиын мамандықтардың бірінің ауыртпалығын көтеріп, ол салада үздіктер қатарынан танылып жүрген - ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының кардиохирургы Арайгүл Ыдырашева. Ол бізге жүрек ауруларын емдеудің, көбіне ерлер айналысатын істі қалай меңгеріп келетіні туралы айтып берді.

Арайгүл Ыдырышева – еліміздегі алғашқы кардиохирург маман. Семей мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Өз мансабын қантамыр хирургы ретінде бастаған.

- Өз мамандығыңыздың ең қиын тұстарымен бөліссеңіз?

«Әрине, ең бірінші кезекте қате істеп қоямын ба деген қорқыныштың болуы. Алайда қазір өз қорқынышымды толықтай жеңіп шықтым деп айта аламын. Оған жылдар, тәжірибем себеп болды. Ең қиыны – ол пациенттің бойындағы аурумен бетпе-бет келіп, оның өмірі үшін күресу. Әрине, уақыт өте етің оған да үйренеді. Оған қоса мен спортшымын. Ал спортшы үшін жарыс, тартыс ол әдеттегі жағдай. Оңай жеңілу деген менің бойымда мүлдем жоқ қасиет»

- Сіз жасаған ең ұзақ операция қанша уақытқа созылды? Алғашқы пациентіңіз есіңізде ме?

«36 сағатқа созылғаны бар. Операцияға таңертең кіріп ертесі күні түсте шыққанбыз. Өте қиын операция болды, бірақ жұмсалған күш өзінің жемісті нәтижесін берді. Операция сәтті аяқталды. Ал алғашқы пациентіме келетін болсақ, иә есімде. Пациенттің жүрегінде туа біткен ақау болды. Юрий Владимирович Пяның басшылығымен операцияны сәтті аяқтаған едік»

- Жүрек туралы ән де көп, жыр да көп. Өз қолыңызбен алғаш рет жүректі ұстағандағы сезіміңізді жеткізе аласыз ба?

«Студенттік шақтарда біз итке операция жасайтынбыз. Тиісінше алғаш рет иттің жүрегін қолыма алдым. Кейін адамға операция жасаған кезде оның жүрегін ұстайтын сәттер болды. Қалыпты жағдайға айналып кетті деп айта аламын»

- Операцияға кірер алдындағы дайындық туралы айтып берсеңіз.

«Мен әрдайым пациентпен жүзбе жүз кездесіп, жеке тілдесуге тырысамын. Пациенттің қолынан ұстап, оған барлығы жақсы болатынын айту – ең үлкен көмек. Әрбір адам операция алдында үлкен күйзеліске түседі. Сондықтан пациентке дәрігердің қолдауы өте маңызды. Дәрігер бұл жерде тек пациент үшін ғана емес, оның туыстары үшін де жауапкершілікті мойнына алады. Пациент анестезиядан оянған соң да оған операцияның сәтті өткенін айтып, көңілін аулаған меніңше ең дұрыс әдіс.

- Сіз емдеген ең ауыр пациент?

«Жүкті әйел болды. Операцияның қиындығы – оны босану жағдайына дейін жеткізу керек болды. Біз іштегі нәрестенің толық жетілуін күттік. Бірінші кезекте кесарь тілігі арқылы баланы босандырып алдық. Баланың жағдайы бақылауда болуы үшін Ана мен бала орталығына жібердік. Ал анасына анестезия салып, жүрегіне операция жасадық. Пациент оянған бойда баласының жағдайын сұрады. Ананың да, баланың да жағдайы жақсы екенін айттық. Еңбек өтілімде мақтанышпен еске алатын сәттерімнің бірі осы деп айта аламын.

- Әріптестеріңіз, ұжым туралы айта кетсеңіз. Сақадай сай ер азаматтармен жұмыс істеу қаншалықты қиын?

«Ұжымның басым көпшілігі ер азаматтар. Бірақ оған да үйренісіп кеттім. Бәлкім, бала күнімнен ұлдардың арасында өскендіктен болар. Отбасымда мен кіші қызбын, үлкен төрт ағам бар. Ұяда не көрсем, ұшқанда соны іліп жүрмін қазір. Менің саламда тек мықтылық көрсету керек. Шағымдану, қиындықты мойындау деген біздің ортада жоқ ұғым. Ал пациенттердің емдеу-сауықтырудан өткеннен кейінгі алғыстары оның барлығын ұмыттырады. «Рахмет» үшін жұмыс істеу шынында жаныңа тыныштық беріп, қуаныш сыйлайды.

- Болашақта кардиохирург боламын, осы саланы мойындатамын деген жас қыздарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

«Болашақ дәрігерлерге, кардиохирургтарға мен мықты болыңыздар деймін. Себебі операцияның әрбір кезеңі күйзелістен тұрады. Оған шыдамдылық пен табандылық қажет. Мақсаты айқын адам – күшті адам. Сондықтан қазірден мақсаттарыңызға, армандарыңызға адал болыңыздар деймін. Сол кезде дәрігердің жолынан сізді ешкім құлата алмайды».



Аурухана серіктестері