Аурухана туралы

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ауруханасы Қазақстан елордасының Алматы қаласынан Астанаға көшуіне байланысты 1997 жылы ашылды.

«Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ауруханасы» РМК (бұдан әрі - Аурухана) мемлекеттік қызметшілер санынан тіркелген контингентке білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекті қалай көрсетсе, ақылы негізде кез келген ниет білдірушіге солай қызмет көрсететін емдеу мекемесінің заманауи түрі болып табылады.

Біздің ұйым қызметінің басты стратегиялық бағыты - медициналық қызмет көрсету сапасын үздіксіз жетілдіру болып табылады.

2011 жылғы ақпаннан Аурухана ISO 9001:2008 халықаралық стандарттарына сәйкестік сертификатын растау үшін қадағалау аудитін сәтті өтіп келеді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі аккредитациялық комиссиясының шешімі және сыртқы кешендік бағалау нәтижесі бойынша 2014 жылғы қазанда Аурухана 4 жылға аккредиттелген деп танылды.

2007 жылы Министрліктер Үйінің ғимаратында бір ауысымда 450 қабылдау жүргізетін емхана ашылды.

2010 жылдың күзінде профилактикалық бөлімшенің ашылуы маңызды оқиға болды, оның міндеті толық диагностикалаудан өткізу және ауруды өте ерте сатысында анықтау, аурудың туындауының алдын алу болып табылады.

2011 жылы аллергологиялық орталық ашылды, онда соңғы үлгідегі аллерген-иммуноспецификалы технологиялар қолданылады.

Қазіргі уақытта пациенттер қауіпсіздігі мен медициналық сапа стандарттары бойынша JCI халықаралық аккредитациясына белсенді дайындық жүргізіліп жатыр.

Ауруханада ауысымда 1000 қабылдау жүргізетін емхана мен 200 төсектік стационар бар. Аурухана штатында медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, жоғары және бірінші біліктілік санаты бар дәрігерлер жұмыс істейді. Барлық мамандар алыс-жақын шетелдердің жетекші клиникаларында біліктіліктерін жетілдіреді, оқиды.

Аурухананың ғылыми қызметінің бағыттары - дербестендірілген медицина, метаболизмдік синдром, геронтология мен жасамыстыққа (тез әжім түспеуге қарсы шаралар) қарсы терапия, фармакогеномика мен онкологиялық аурулардың нозологияға дейінгі профилактикасы және фармакогеномика, роботтандырылған хирургия.

Аурухана құрылымында 40-тан астам емдік-диагностикалық бөлімшелер, оның ішінде ядролық медицина, жүрек-тамырлық хирургия, интервенциялық кардиология, жасанды бүйрек бөлімшесі, барокамера жұмыс істейді.

Бұл бірегей медициналық объектіде әлемнің жетекші медициналық мекемелерінде қолданылатын бір жерге біріктірілген ең үздік емдік, диагностикалық технологиялар жинақталған. Жаңа клиникадағы әлемдік өндірушілерден жоғары технологиялық жабдықтардың алпыс пайызы – ТМД аумағына бірінші жеткізілгендер.

Ауруханада амбулаториялық, стационарлық және оңалту кезеңдерінде негізгі жаңа жоғары технологиялық диагностикалық, клиникалық зертханалық жабдықтарды енгізуге басты көңіл аударылады. Кардиологиялық, эндокринологиялық, неврологиялық және онкологиялық ауруларды, жүрек пен асқазан ауруларын ерте анықтауға арналған бірфотонды эмиссиялық компьютерлік томография, компьютерлік томографиямен үйлескен позитронды-эмиссиялық томография – зерттеудің жаңа диагностикалық радийизотоптық әдістерін қолдануды қарастыратын жаңа стандарттар бойынша превентивті медицина саласында емдік-диагностикалық бағдарламалар әзірлену үстінде.

Қазақстан Республикасында алғаш рет бір мезгілде әр түрлі бейіндегі бірнеше операцияларды жасайтын «Гибридтік операциялық блок» орнатылды. Операциялық блок «Таза орынжай», электрондық басқару жүйесімен, заманауи эндоскопиялық жабдықпен жарақталған, «Da Vinchi» хирургиялық роботын орналастыру жоспарлануда. Эндоскопиялық жабдықтың көп түрі мен соңғы буындағы 8 операциялық зал аса күрделі миниинвазиялық әрекеттерді жасауға қабілетті.

Бүгіндері Ауруханада 90%-дан астам операциялар эндоскопиялық технологиялар қолданылып, жасалады. Пайдаланылатын барлық дәрілік заттар Қазақстан Республикасында тіркелген.

Диагностика алгоритмдері мен емдеу схемалары дәлелді медицина қағидаттарына негізделген.

Жаңа диагностикалық сәулелік, зертханалық жабдық жасушаларды генетикалық типтеу жобасында жоғары нақтылық пен ақпараттылық зерттеулерін жасауға мүмкіндік береді. Зерттеудің диагностикалық радийизотоптық әдістерін қолданып, жаңа халықаралық стандарттар бойынша превентивті медицина саласында емдік-диагностикалық бағдарламалар жасау орталықтың бірегейлігі болып табылады. Бұл шаралар кардиологиялық, неврологиялық және онкологиялық ауруларды ерте анықтауға көмектеседі. Профилактикалық бағытты кеңейту аясында түрлі бейіндегі «Check-Up» бағдарламалары енгізілді, тұрақты жетілдіріліп тұрады.

Аурухананың құжатайналым жүйесінде жаңа технологиялар іске асырылды. Инфомед ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Пациенттердің ауыру тарихы олардың электрондық карточкалары мен бейненің цифрлық өңделуіне негізделген, бұл клиниканың қағазсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Жоғарыда аталған сапалар заманауи халықаралық стандарттар деңгейінде диагностикалық және емдік қызмет көрсетуді жан-жақты жүргізуге мүмкіндік береді.